Қазақстанның көліктегі бас прокуратурасы "Қазақстанда тіркеліп, Сирияға сатылған болуы мүмкін ұшақ туралы" ақпаратқа қатысты түсінік берді. Прокуратура ақпаратына қарағанда, материалдарды зерттеу кезінде инвестиция және даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің ұшақты әуе көлігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңды өрескел бұза отырып тіркеп, тіркеуден шығарғаны анықталған.
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдарында, оның ішінде Ratel.kz сайтында "Қазақстанның араласуымен екі Airbus жолаушылар ұшағы Еуропа Одағының санкцияларын айналып өтіп Сирияға сатылған болуы мүмкін" деген ақпарат тараған. Ratel.kz мақаласында "ол ұшақтар болжам бойынша Қазақстанда тіркеліп, кейін тіркеуден шығарылғанын, бірақ олар Қазақстанға қонбаған" делінген.
Көліктегі бас прокуратура 25 ақпанда бұл факт бойынша материалды тіркеп, коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тексеруге бергенін айтады.