Accessibility links

Жанысбаевтардың шағымын сот қанағаттандырмады


Қасымхан Жанысбаев отбасымен бірге. Шымкент, 31 тамыз 2016 жыл.
Қасымхан Жанысбаев отбасымен бірге. Шымкент, 31 тамыз 2016 жыл.

27 ақпанда сағат 17:00-де Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты пәтерлерінен шығарылуы тиіс болған Жанысбаевтар отбасының банк пен сот орындаушысының үстінен түсірген шағымына байланысты үкім оқып, Жанысбаевтар отбасының арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа шағмданушылардың бірі Қасымхан Жанысбаев хабарлады.

Жанысбаевтың сөзінше, өзімен бірге төрт бауыры Эльмира, Нұрхан, Жеңіс, Есімхан Жанысбаевтар әке-шешелерінен қалған баспананы сатып жібергені үшін жеке сот орындаушысы Нұрахан Тұранов пен «АФ Ипотека» акционерлік қоғамы үстінен түсірген шағымды бүгін сот қанағаттандырмаған.

– Сот шешімді шығарып берді. Жарыссөзден соң сот үкімін оқып, шағымымызды қанағаттандырусыз қалдырды, – деді Қасымхан Жанысбаев.

Қасымхан Жанысбаев апелляциялық шағым түсіретінін, апелляциялық шағым да қанағаттандырусыз қалдырылса, жоғарғы сотқа арызданатынын мәлімдеді.

- Заң бойынша жылу маусымы аяқталғаннан кейін үйді босатуым керек. Бірақ мен шықпаймын. Соңғы демім қалғанша жалғыз баспанам үшін күресемін, - деді ол.

Мүмкіндігі шектеулі баласын емдету үшін банктен несие алып, оны өтей алмағанын айтқан Қасымхан Жанысбаев пен оның зайыбы Қарлығаш Садырбаева 2016 жылдың тамыз айында сот орындаушылары пәтерлерінен шығаруға барғанда өздеріне қол салуға әрекеттенген еді. Ал сот орындаушылары баспанадан шығару шарасын заң шеңберінде жүзеге асырып жатқандарын айтқан.

2016 жылғы 14 қыркүйекте Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Жанысбаевтарды пәтерден шығаруды үш айға шегеру туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG