Accessibility links

Ақтаулық белсендіге айыппұл салынды


оғамдық белсенді Нұрияш Әбдіреймованың Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының алдында сот процесінен шығып тұрған кезі. 28 ақпан 2017 жыл
оғамдық белсенді Нұрияш Әбдіреймованың Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының алдында сот процесінен шығып тұрған кезі. 28 ақпан 2017 жыл

28 ақпанда Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қоғамдық белсенді Нұрияш Әбдіреймоваға айыппұл салды. Әбдреймова парламент депутаттарына хат жолдап, Қазақстан конституциясының 26-бабына өзгеріс енгізуге қарсылық білдірмек болған. Судья Қаржау Бозшағұлов белсендіні ел арасында заңсыз үгіт- насихат жүргізді деп айыптап, оны 45 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Айыптау хаттамасын дауыстап оқыған судья Қаржау Бозшағұловтың сөзінше, Нұрияш Әбдіреймова 24 ақпан күні «Оян, қазақ, бізге қосыл!» деген ұранмен халық арасында заңсыз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген, "Қазпоштаға" келген азаматтардың мазасын алып, құқығын бұзған.

- Мен «Оян, қазақ!» деп ұран салғаным жоқ. Конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылық білдіргенім рас. Биліктің өзі халыққа ұсыныстарын айтуды ұсынған жоқ па? - деді Нұрияш Әбдіреймова Азаттыққа.

Прокурор Нұрлан Оразбаев белсендіні 488-баптың 3-тармағы (рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру) бойынша айыптап, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды ұсынған.

- Мен сізге 488-баптың 1-тармағын қолданып, айыппұлды 20 айлық көрсеткішке азайттым, 50 тым көп болады, - деді судья Бозшағұлов процестің соңында.

Азаматтық белсенді өзінің ешқанай заң бұзбағанын, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Ақпанның 24-інде 56 жастағы Нұрияш Әбдіреймованы Ақтау қаласының орталығындағы "Қазпошта" ғимаратына парламент депутаттарына Қазақстан конституциясының 26-бабына өзгеріс енгізуге қарсылық білдірген хатты жөнелтпек болған кезінде полиция ұстап алып кеткен. Бұл хатқа 600-ден астам облыс тұрғындары қол қойған. Биліктің конституцияны реформалау туралы ұсыныстарының ішінде 26-бапты редакциялау жайлы да айтылған. Жаңадан ұсынылған нұсқа бойынша 26-бапта "әркімнің жеке меншік иелене алатыны жазылған". Осыған байланысты халық арасында "әркім" деген сөз шетелдік азаматтарды білдіреді" деген пікір тарап, кейбір аймақтарда наразылық байқалған.

XS
SM
MD
LG