Қазақстанда бүгін, 1 наурызда Алғыс айту күні аталып өтіп жатыр. Алғыс айту күнін атап өту 2016 жылы 15 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген. Алғыс айту күні осымен екінші жыл қатарынан атап өтіліп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 23 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс білдіру күнін атап өтуді ұсынған. Назарбаев сталиндік режим кезінде Қазақстанға мыңдаған өзге ұлт өкілдері депортацияланып, қазақтардың оларды жатсынбай, қабылдағанын айтқан.
Сессияда сөйлеген Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды немесе басқа күнді "Қазақстандағы барлық этностардың бір-біріне және өздерін қабылдап, туғанындай мейірім көрсеткен қазақ халқына алғыс айту күні ретінде атап өткен әділетті болар еді" деген. Президенттің пікірінше, мұндай дәстүр қазақстандықтарды бір-біріне барынша жақындастырып, мейірім мен махаббат мерекесі болмақ.