Accessibility links

"Халық банкі" мен "Казкоммерцбанк" мәміле туралы меморандум жасасты


Кеңес Рақышев, бизнесмен әрі "Казкоммерцбанктің" ірі акционері.
Кеңес Рақышев, бизнесмен әрі "Казкоммерцбанктің" ірі акционері.

Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк - "Казкоммерцбанк" бүгін банк акцияларының бақылау пакетін "Халық банктің" иеленуіне қатысты міндеттейтін күші жоқ өзара түсіністік туралы меморандум жасасқанын жариялады. Меморандумды Қазақстан үкіметі, Ұлттық банк, "Халық банкі", "БТА Банк" пен "Казкоммерцбанктің" ірі акционері Кеңес Рақышев жасасқан.

Қазақстандағы активінің көлемі жағынан екінші саналатын "Халық банк" бүгін таратқан хабарламасында "Казкоммерцбанк" акцияларының бақылау пакетін иелену жайлы ықтимал мәмілеге қатысты міндеттейтін күшін жоқ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын мәлімдеді. Меморандумда мәміленің негізгі принциптері, оны іске асыру әрекеттері және оған мемлекеттің қатысу жайы қамтылған.

"Халық банкі" мен "Казкоммерцбанк" меморандумға қол қою мәміле жасасуды білдірмейтінін айтады. "Халық банкі" кез-келген ықтимал мәміле "Халық банк" пен Ұлттық банк стандартты кешенді тексеру жүргізіп, мәміленің шарттарымен түпкілікті келіскен соң және тиісті ішкі, корпоративтік мақұлдаудан соң, "басқа да алдын ала шарттарды орындағаннан" кейін ғана жасалады дейді.

Қаңтардың ортасында "Халық банкі" "Казкоммерцбанкпен" және оның ірі акционері Кеңес Рақышевпен мәміле бойынша алдын ала келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған. Екі банктің бір банкке бірігуді талқылап жатқаны туралы ақпарат құралдарында алғаш өткен жылдың қараша айында хабарланған. Ол кезде банктердің басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Қазақстандағы банк секторының 38 пайызы "Казкоммерцбанк" пен "Халық банкінің" үлесіне тиеді. "Казкоммерцбанк" акцияларының бақылау пакетіне бизнесмен, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев ие. "Халық банкінің" ең ірі акционері Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бақылайтын "АЛМЭКС" тобы саналады.

Бұған дейін сонымен қатар "Цеснабанк" пен "БанкЦентрКредит" те биыл қосылуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал үкімет осы жылдың нақтыланған бюджет жобасында "банк секторын оңалтуға" екі триллион теңгеден астам (алты милилард доллардан астам) қаржы бөлуді қарастырған.

XS
SM
MD
LG