Accessibility links

Швеция наурыздың 2-сі күні биылғы жаздан бастап елде міндетті әскери қызмет енгізілетіні туралы жариялады. Стокгольм қауіпсіздікке ғаламдық деңгейде төнген қатерлерге байланысты мұндай қадамға барып отырғанын айтады. «Қауіпсіздік саласындағы ахуал өзгергендіктен үкімет әскери әлуетін арттыруға және жарақтандыру жүйесінің бұрынғыдан да тұрақты болуына мүдделі» деп мәлімдеген жергілікті баспасөз құралдарына Швеция қорғаныс министрі Петер Хультквист.

Швеция азаматтарды міндетті әскери қызметке шақыруды 2010 жылы тоқтатқан кезде үкімет қазіргі заманғы армия міндетті әскери қызметті қажетсінбейді деген еді.

Наурыздың 2-і күні швед үкіметі парламентке елде биыл жаздан бастап міндетті әскери қызметті қайтадан енгізу туралы заң жобасын енгізді. Құжатта 1999 жылдан кейін туған барлық швед азаматтары армия қатарында 11 ай әскери қызмет атқаруға міндетті деп көрсетілген.

Швеция 1994 жылы НАТО мен оған мүше емес елдер арасында әскери ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қол қойған. Солтүстік Еуропадағы мемлекеттер арасында НАТО ұйымына мүше емес екі ел – Финляндия мен Швеция соңғы жылдары Ресей әскери белсенділігін арттырғаннан кейін АҚШ-пен әскери ынтымақтастығын нығайтқан. Финляндия мен Ресей арасында ұзындығы 1340 шақырымды құрайтын шекара бар.

Ресей Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуына қарсы. Финляндия мен Швецияда НАТО-ға мүше болу мүмкіндігі – қызу талқыланатын тақырыптардың бірі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG