Accessibility links

Рустам Эмомали Душанбе қалалық кеңесіне кандидат ретінде ұсынылды


Рустам Эмомали, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен ұлы.
Рустам Эмомали, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен ұлы.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлкен ұлы, Душанбе қалалық әкімшілігінің басшысы міндетін атқарушы Рустам Эмомали биліктегі Тәжікстан халықтық-демократиялық партиясы атынан жергілікті өкілдік орган - маджлис депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды.

Душанбе маджлисіне мерзімінен бұрын сайлауда №25 сайлау округінде оның бәсекелестері Аграрлық партия кандидаты Фазлиддин Икромов пен демократтар кандидаты Хикматулло Саидиен болмақ. Рустам Эмомали депутат болып сайланса онда Душанбе мэрі болады.

Душанбе маджлисінің №25 сайлау округі бойынша депутаты, Душанбенің бұрынғы мэрі Махмадсаид Убайдуллоевтың өкілеттігі 7 ақпанда мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сол күні Душанбе әкімшілігі басшысының орынбасары, меджлистің №62 сайлау округінен сайланған депутаты Фируз Улмасов та депутаттық мандатынан айырылған.

Қалалық маджлиске аталған округтер бойынша мерзімінен бұрын сайлау 2 сәуірде өтеді.

64 жастағы Убайдуллаев соңғы 19 жылда Душанбе әкімшілігінің басшысы болған. Ол Тәжікстан парламенті жоғарғы палатасының төрағасы болып қала береді.

Тәжікстанның 64 жастағы президенті Эмомали Рахмон 12 ақпанда Убайдуллаевты Душанбе басшысы қызметінен босатып, оның міндетін атқарушы етіп өзінің ұлы Рустам Эмомалиді тағайындаған. Рустам Эмомали бұған дейін Тәжікстанның кеден комитетін және коррупцияға қарсы водомствоны басқарған.

XS
SM
MD
LG