Accessibility links

Дональд Трамп жаңа 12 авиатасығыш кеме құрастыруды ұсынды


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ қарулы күштері әлемдегі ең үздігі екенін және оның жағдайын үнемі жақсартып тұратынын мәлімдеді. Трамп бұл туралы Виргиниядағы Норфолк базасында USS Gerald R. Ford авиатасығышының бортында моряктар мен кеме жасаушылар алдында айтты. Авиа тасығыш кеме әлі теңізге түсірілмеген, бірақ жеке құраммен жасақталған.

Трамп офицерлер мен матростарға АҚШ өзін қорғайтындарды кез-келген әскери іс-қимылдарда жеңіске жетуге қажетті ең үздік жабдықтармен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Трамптың сөзінше, бұл авиатасығыш кеме әскери-теңіз флоты үшін тамаша техника және АҚШ теңіз авиациясының болашағы. "Мен қашан да сіздерді және миссияларыңызды қолдаймын" деді АҚШ президенті.

"Біз әскери күшімізді қолдануға ешқашан мәжбүр болмаймыз деп үміттенем, бірақ мәжбүр болсақ, онда жауымыз үлкен бәлеге ұшырайды" деді Трамп. АҚШ президенті әлемде америка әскеріне ешкім тең келмейтінін және америкалық авиатасығыш кемелер - "демократияның тірегі" және америка дипломатиясының маңызды құралы екенін айтты.

Трамп конгрестің қос палатасынан әскери шығындарға қойылған секвестрді жоюды сұрағанын айтты. Ол таяуда өнеркәсіп және бизнес саласының жетекшілерімен кездесіп, 12 авиатасығыш кеме құрастыруды қарастыратын әскери-теңіз флотын дамытудың ауқымды бағдарламасын іске асыруды ұсынғанын да жеткізді.

Трамп АҚШ-қа жаңа әскери кемелер мен ұшақтардың көптеп керек екенін АҚШ-тың кибер қауіпсіздігін нығайту қажетін мәлімдеді. "Бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын да ашады" деді Трамп.

"Біздің флотымыз бен халқымыз ұлы" деген Трамп АҚШ-тың бейбітшілікке ұмтылатынын айтты.

XS
SM
MD
LG