Reuters агенттігі Қытайдың ірі ZTE телекоммуникациялық корпорациясы АҚШ соты таққан "Иранға тыйым салынған құпия технологияны сатты" деген айып бойынша кінәсін мойындауы мүмкін екенін хабарлады.
Корпорация әзірге АҚШ-тың құзырлы органдарымен айыбын мойындау туралы келісімге қол қоймаған. Бірақ корпорация халықаралық санкцияны біле тұра бұзғанын мойындап, жүздеген миллион доллар айыппұл төлеуі ықтимал.
Сауда министрлігі бұған дейін тергеу жүргізіп, ZTE 2012 жылы Иранның ең ірі телекоммуникациялық компаниясына америкалық бірнеше аса танымал технологиялық компаниялардан аппарат және бағдарламалық қамтамасыз ету технологияларын сатып алу туралы миллиондаған доллардың келісім-шарттарын жасасқаны анықталғанын хабарлаған.
Айыбын мойындау туралы келісім ZTE корпорациясын бір жылдай уақыт болған белгісіздік күйден арылтады. ZTE осы айыпқа байланысты 2016 жылы наурызда америкалық компаниялар арнайы лицензиясыз жұмыс істесе алмайтын компаниялар тізіміне енгізілген.
ZTE - әлемдегі ең ірі телекоммуникациялық өнімдер жасаушы корпорациялардың бірі. Корпорация смартфондары АҚШ нарығында өтімділігі жағынан төртінші орында тұр. ZTE смартфондары мен девайстарын жасауда АҚШ-тың Qualcomm, Microsoft және Intel сияқты компанияларының бөлшектерін пайдаланады.