Accessibility links

"Жалған терроризм" айыбымен сотталған мұғалімнің рақымшылық жайлы өтініші сотқа жетті


"Жалған терроризм" айыбы тағылған Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.
"Жалған терроризм" айыбы тағылған Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

"Жалған терроризм" айыбымен сотталған қарағандылық мұғалім Юрий Пактың жазасының өтелмеген мерзімінің ширек бөлігін қысқартуды сұраған өтініші бүгін сотқа түскен. Рақымшылық актісін қолдануды сұраған бұл құжат Қарағанды қаласы Абай аудандық сотына екі жылға сотталған мұғалім жазасын өтеп жатқан Қарабас кентіндегі АК-159/18 түзеу колониясынан келген. Оның қашан қаралатынын сот қызметкерлері айтпады. Юрий Пактың адвокаты сотталған мұғалімнің кінәсіз екенін айтып Қазақстан жоғарғы сотына шағым әзірлеп жатыр.

Юрий Пак биліктен рақымшылық сұраған өтінішін өзі отырған түзеу колониясы әкімшілігіне қаңтар айында берген. Қылмыстық кодекстің "жалған терроризм" бабы бойынша сотталғандар да рақымшылыққа ілінетінін мұның алдында оның адвокаты бас прокуратураға сауал жолдаған кезде анықтаған.

Сотталған мұғалімнің әйелі Ольга Пактың бұған дейін рақымшылыққа өтініш тапсырмақ болған кезде кедергілерге кезіккенін айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке шағынған болатын.

Өткен жылғы қазанда Қарағанды соты физика пәні мұғалімі Юрий Пакты қаладағы орталық сауда үйіне жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар бергені үшін айыпты деп танып, оны екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген мұғалімнің берген шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастаған.

XS
SM
MD
LG