Accessibility links

БАҚ: Ресей генералы Пальмира түбінде ауыр жараланған


Пальмираға бара жатқан Сирия үкіметінің әскери техникасы. (Көрнек сурет.)
Пальмираға бара жатқан Сирия үкіметінің әскери техникасы. (Көрнек сурет.)

Сирияның Пальмира қаласы үшін шайқаста Ресейдің батыс әскери округі штабының әскери дайындық басқармасы бастығы, генерал-майор Петр Милюхин ауыр жараланған деп хабарлайды «Фонтанка» сайты Мәскеудегі Бурденко атындағы госпитальдағы дерек көзіне сілтеме жасап. Басылымның хабарлауынша, жаралаған генералды осы ауруханаға жеткізген.

«Фонтанка» сайты ақпаратында Милюхиннің осыдан бір аптадай бұрын минаға түсіп қалғаны айтылған. Басылымның жазуынша, бұл Сирияда Ресей әскери операциясы басталғалы бері зардап шегіп отырған алғашқы ресейлік генерал.

Батыс әскери округі баспасөз қызметі «Фонтанканың» сауалына әзірше түсініктеме бермеген.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент Владимир Путинге Сирияның Пальмира қаласы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан азат етілгені туралы баяндаған. Оның сөзінше, қаланы Сирия үкімет күштері Ресей әскери ұшақтарының қолдауымен қарулы жихадшылардан азат еткен.

Өткен жылғы желтоқсанда бұқаралық ақпарат құралдары Пальмира түбінде ресейлік әскери десант шабуылдау батальоны командирі қаза тапқан деп хабарлаған еді. Ресми Мәскеу Сириядағы жаяу әскер операцияларына ресейлік әскерилер қатысып жатқан жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG