Accessibility links

АҚШ: Ресей адам құқықтарын бұзып отыр


Түрмеде отырған белсенді Ильдар Дадинді қолдау акциясына қатысушыны полицияның ұстауы. Мәскеу, 9 қараша 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Түрмеде отырған белсенді Ильдар Дадинді қолдау акциясына қатысушыны полицияның ұстауы. Мәскеу, 9 қараша 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресей мемлекеті 2016 жылы елдің өз ішінде және Украина территориясында адам құқықтарының көп мәрте бұзылуына тікелей немесе жанама түрде себепкер болған. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің өткен жылы әлем бойынша адам құқықтарының сақталуы туралы есебінде айтылған. Ақ үйге Дональд Трамп әкімшілігі келгелі бері адам құқығы тақырыбына арналған алғашқы құжат Вашингтонда жұма күні көпшілікке таныстырылды.

Мәтіні АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланған есепте Ресейдің Қырымды аннексиялап және Украинаның шығысындағы жағдайға араласуы Ресейдің өз ішіндегі адам құқықтары ахуалының нашарлауына да себеп болып отырғаны айтылған. Құжатта Донбастағы ресейшіл сепаратистерді қолдауды және оларға жәрдем беруді жалғастырып келе жатқан Ресей «мыңдаған бейбіт тұрғындардың» қазасына, сонымен бірге Украина азаматтары құқықтарының бұзылуына, соның ішінде Қырымда болып жатқан жағдайға да жауапты делінген.

Бұған қоса құжатта Ресейде сөз, жиын және баспасөз бостандығы шектелетіні, елде қабылданған «репрессиялық заңдар» билікке сыни көзқарастағы, сонымен бірге Мәскеудің Украинаға қатысты саясатын сынайтын адамдарды ұстауға, айыппұл салуға, тұтқындауға және қудалауға негіз болатыны айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаменті есебінде Украина билігін де сынаған. Құжатта Донбаста үкімет әскерінің адам құқықтарын бұзуға жол бергені және ондай істерге кінәлілерді жауапқа тартуға биліктің қауқарсыз болып отырғаны айтылған.

XS
SM
MD
LG