Accessibility links

Трамп "телефоны тыңдалғаны" үшін Обаманы айыптады


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз телефон әңгімелері өткен жылғы қарашадағы сайлауға дейін тыңдалғанын мәлімдеп, оған экс-президент Барак Обаманы айыптады. Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған жазбаларында Трамп бұл оқиғаны Уотергейт жанжалымен салыстырған. Бірақ Трамп сөзін дәлелдейтін айғақтар келтірмеген.

Трамп «жақсы адвокат осы фактілер негізінде істі ұтар еді» деп жазған. Обама әзірше Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Осы аптада бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ бас прокуроры Джефф Сешнс өткен жылы сайлауалды кампания кезінде Ресей елшісімен екі рет кездескен деп хабарлады. Баспасөз құралдары қазір президент Трамптың аға кеңесшісі қызметіндегі оның күйеу баласы Джаред Кушнер де Ресеймен байланыста болған деп жазды. Ақпан айында АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флинн Вашингтондағы орыс елшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде Ресейге қарсы санкцияны талқылағаны анықталған соң отставкаға кеткен еді.

Республикалық партия өкілдері Вашингтондағы «Уотергейт» қонақ үйінде орналасқан демократиялық партияның штаб-пәтеріне жасырын микрофон орнатқаны әшкере болған соң 1974 жылы АҚШ президенті Ричард Никсон отставкаға кетуге мәжбүр болған. Бұл АҚШ тарихында көзі тірі президенттің қызметін атқаруды мерзімінен бұрын тоқтатқан жалғыз оқиға.

XS
SM
MD
LG