Accessibility links

Прокуратура: Бақытжан Әбдікерімовті "өз-өзіне қол салуға" жеткізген


Қазақстандағы түрмелердің бірі (Көрнекі сурет).
Қазақстандағы түрмелердің бірі (Көрнекі сурет).

Павлодар облыстық прокуратурасы жанындағы арнайы прокурорлар басқармасы түрмеде дзюдодан Қазақстан чемпионы Бақытжан Әбдікерімовтің қаза табуына байланысты тергеуді аяқтады. Қадағалаушы органның ақпаратына қарағанда, бұрынғы спортшыны "өз-өзіне қол сұғуға дейін жеткізген". Бұған дейін спортшының туыстары тергеуге сенбейтінін мәлімдеген еді.

- Әбдікерімовті өлместен төрт күн бұрын түрме қызметкерлері - режим бөлімінің бастығы Канкин мен жедел уәкіл Мұқановтың қатты азаптап, қорлағаны анықталды. 2016 жылдың 20-23 ақпанында олар Павлодар облыстық қылмыстық жазаны атқару департаментінің АП 162/3 мекемесінің әкімшілік корпусында тұтқынды тепкілеп, қорлап, моральдық және психологиялық қысым көрсеткен, - деді Павлодар облыстық прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Әсет Сәттібаев.

Бақытжан Әбдікерімовті 2015 жылы 18 желтоқсанда АП 162/3 түзеу мекемесіне этаппен жөнелткен. Дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Әбдікерімовті Баянауыл аудандық соты екі адамды аяусыз ұрып-соқты деген айыппен бес жылға соттаған. Әсет Сәттібаевтың айтуынша, Әбдікерімов өлі күйінде табылған колонияда бірнеше рет өз-өзіне қол салмақ болған. Прокурор тергеу кезінде "куәгерлерге қысым жасау " әрекеттері болғаны анықталған.

- Спортшы медициналық санитарлық бөлімде терезені сындырып, білектері мен қарнына 130-дан астам жарақат салған. Қылмыс айқын көрініп тұрмағандықтан тергеу күрделі болды. Куәгерлер базасы сол тұтқындардың айтқандары бойынша түзілді, - деді Сәттібаев.

Прокуратура колония басшылығы Әбдікерімовтің өз-өзіне қол салуының алдын алмады және оны жалғыз кісілік камераға шығармады дейді.

Арнайы прокурорлар басқармасы сонымен қатар АП 162/3 колониясындағы "азаптау және қорлау" фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді де аяқтаған.

- Саян Мұратбеков Қарағандыдан өзге 25 сотталушымен бірге этаппен түскен. Азапқа ұшыраған ол да осы мекемеде қайтыс болды. Бұл іс бойынша алты адам: мекеменің үш қызметкері мен мекеменің ерікті үш көмекшісі, яғни белсенді саналатын үш тұтқын күдікті деп саналып отыр, деді Әсет Сәттібаев.

Бұл іс бойынша тергеу де аяқталған, іс таяуда материал сотқа жіберілмек. Прокуратура бұған дейін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметтік тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша он адам жазаланғанын айтады.

XS
SM
MD
LG