Accessibility links

Батумидегі тәртіпсіздіктер кезінде ондаған адам зардап шеккен


Батуми көшесінде төңкеріліп жатқан полиция автокөлігі. Грузия, 12 наурыз 2017 жыл.
Батуми көшесінде төңкеріліп жатқан полиция автокөлігі. Грузия, 12 наурыз 2017 жыл.

Грузия полициясының арнайы жасағы Батумиде өткен түннен бері бірнеше сағат бойы билікке қарсылық білдіріп, соңы көшедегі тәртіпсіздіктерге ұласқан наразылар шеруін тарату үшін резеңке оқтар қолданып, жас ағызатын газ шашқан деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары.

Аджария автономиялық республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Заал Микеладзенің мәлімдеуінше, емханаға жеткізілген зардап шеккен 30-дан астам адамның арасында 15 полиция қызметкері бар.

Грузия ішкі істер министрі Георгий Мгебришвили қырыққа жуық адам ұсталғанын хабарлаған.

Батумидегі оқиғаға сенбі күні кешке полиция патрулі жазған айыппұл көлеміне келіспеген автокөлік жүргізушісінің қарсылығы себеп болған. Полиция қызметкерлері сөзге келіп қалған әлгі адамды ұстағаннан кейін өзге тұрғындар оған ара түсіп, соңғы кездері полицияның жөн-жосықсыз көп мөлшерде айыппұл салатынын айтып, наразылық білдірген. Мұның соңы наразылар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласқан.

Батумидегі Аджария ішкі істер бас басқармасы алдына жүздеген адам жиналған. Полицияның жаңа басшысының қызметтен кетуін талап еткен наразылар ғимаратқа тас лақтырып, полиция көлігін аударып, ағаштарды өртеген.

XS
SM
MD
LG