Accessibility links

Ұлттық банк: "Казкоммерцбанк" активін иелену үшін сапасын тексеру қажет


Алматыдағы ұлттық банк ғимараты (Көрнекі сурет).
Алматыдағы ұлттық банк ғимараты (Көрнекі сурет).

"Халық банк" "Казкоммерцбанктің" акцияларын сатып алу туралы ықтимал мәміле жасасу үшін Ұлттық банк пен "Халық банк" оның активтерінің сапасын бірлесіп тәуелсіз түрде тексеру қажет. Бұл туралы бүгін Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде айтылады.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтің сөзінше, заң бойынша, ықтимал мәміле банк депозиторлары мен кредиторларының, басқа да клиенттері мен контрагенттерінің келісім бойынша заңды мүдделері мен құқықтары, оның ішінд халықаралық міндеттемелері сақталған жағдайда ғана іске асырылады.

Ұлттық банк сонымен қатар "Халық банк" "Казкоммерцбанктің" капиталына кіруіне қойылатын негізгі шарт - банк капиталын оның іркіліссіз жұмыс істеуіне жеткілікті деңгейге дейін қаржыландыру екенін айтады.

Смоляковтің сөзінше, "Казкоммерцбанктің" несие портфелінің 50 пайыздан астамын "БТА Банктің" міндеттемелері құрайтынына, ал "БТА Банктің" активтері құны ұзақ уақытта қалпына келетін активтерге жататынына назар аудару керек дейді.

Наурыздың басында Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк - "Казкоммерцбанк" банк акцияларының бақылау пакетін "Халық банктің" иеленуіне қатысты міндеттейтін күші жоқ өзара түсіністік туралы меморандум жасасқанын жариялаған. Меморандумды Қазақстан үкіметі, Ұлттық банк, "Халық банкі", "БТА Банк" пен "Казкоммерцбанктің" ірі акционері Кеңес Рақышев, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, "Проблемалық несиелер қоры" акционерлік қоғамы және "БТА банк" жасасқан.

Қаңтардың ортасында "Халық банкі" "Казкоммерцбанкпен" және оның ірі акционері Кеңес Рақышевпен мәміле бойынша алдын ала келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған. Екі банктің бір банкке бірігуді талқылап жатқаны туралы ақпарат құралдарында алғаш өткен жылдың қараша айында хабарланған. Ол кезде банктердің басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Қазақстандағы банк секторының 38 пайызы "Казкоммерцбанк" пен "Халық банкінің" үлесіне тиеді. "Казкоммерцбанк" акцияларының бақылау пакетіне бизнесмен, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев ие. "Халық банкінің" ең ірі акционері Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бақылайтын "АЛМЭКС" тобы саналады.

Бұған дейін сонымен қатар "Цеснабанк" пен "БанкЦентрКредит" те биыл қосылуы мүмкін екенін хабарлаған. Ал үкімет осы жылдың нақтыланған бюджет жобасында "банк секторын оңалтуға" екі триллион теңгеден астам (алты милилард доллардан астам) қаржы бөлуді қарастырған.

XS
SM
MD
LG