Accessibility links

Әблязов ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы белгіленді


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен оның серіктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында 17 наурыз күні сағат 10-ға белгіленді. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот ақпаратына қарағанда, сот ашық түрде өтеді, процесс орыс тілінде жүргізіледі.

Прокуратура 3 наурызда "БТА Банктің" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов, банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш пен банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықовқа қатысты қылмыстық істі қарап, сотқа жіберген. Прокуратура Әблязов шетелде жасырынып жүргендіктен және бұған дейін шақыртқан тергеуге келмегендіктен оның сырттай сотталатынын айтады.

"БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін тергеу барысында "жымқырылған қаржы тұрғындардың зейнетақы жинақ қорындағы ақша, жеке жинаған ақшалары және шетелдік қаржы институттарынан алынған займдар болғаны айқын дәлелденгенін" хабарлаған. Қылмыстық іс 2224 томды құрайды

Коррупцияға қарсы қызмет биыл Әблязовті екі рет - 2 ақпан мен 14 ақпан күндері Астанаға тергеуге шақырған. Бірақ бұрынғы банкир екі шақыртуды да елемеген.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: "Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс" деген.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

XS
SM
MD
LG