Астанада бүгін Алматы аудандық № 2 сотында Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың үстінен сот процесі басталды. Тыңдауды судья Айжан Күлбаева жүргізіп жатыр.
Тыңдауға Құшақбаевтың өзін алып келді. Сотқа Құшақбаевтың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева, жәбірленуші тарап ретінде жұмысшылары аштық жариялаған Techno Trading компаниясының өкілі қатысып жатыр.
Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.
Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.