Accessibility links

Ақтөбеде журналистер соққыға жығылды


Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде жергілікті тұрғынды кепілге алғаннан кейін полиция көзін жойған ер адамның жаназасында бірнеше журналист соққыға жығылды.

- Марқұмның туыстары "полиция тартқан ақпаратқа ғана сүйендіңіздер" деп наразылық білдірген соң облыстық телевидениенің түсірілім тобы жаназаға барған еді. Сол жерде белгісіз біреулер телеоператорды соққыға жығып, видеокамерасын сындырған. Тілшіге де қоқан-лоқы жасаған. Қазір шығын мөлшері анықталып жатыр. Біз полицияға шағымдандық, - дейді "Қазақстан-Ақтөбе" телеарнасының директоры Ернұр Бұрахан.

Жергілікті тілшілердің бірі Ардақ Ерубаева да жаназа кезінде бейтаныс жігіттің өзін балағаттап, Nikon маркалы фотокамерасын сындырып тастағанын айтады. Журналист полицияға шағым түсірген.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бірінші орынбасары Арыстанғали Заппаров 15 наурыз күні брифингте Әлия Молдағұлова даңғылының бойында жергілікті тұрғынды кепілге алған ер адамның көзін жойғанын хабарлаған.

Оның сөзінше, оқиға 14 наурыз күні сағат 19 шамасында Молдағұлова даңғылында орналасқан стоматологияда басталған. Полицияға осында белгісіз ер адамның стоматология администраторы, 1991 жылы туған азаматшаны кепілге алғаны туралы хабар түскен.

Полиция оқиға орнына жеткенде кепілге алған 1993 жылы туған ер адам ажырасып кеткен бұрынғы әйелін сол жерге жеткізуді талап еткен. Бұдан соң облыстық ІІД, Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы және Ақтөбе прокуроры кепілге алған адаммен кепілдегі адамды босату жайында бес сағат келіссөз жүргізген. Оқиға орнына кепілге алған адамның туыстары да жетіп, одан кепілдегі қызды босатуды сұраған. Бірақ ол нәтиже бермеген соң полиция қызметкерлері қару қолданып, кепілге алған адамның көзін жойған. Кепілдегі қыз аман-есен босатылған.

Заппаровтың сөзінше, оқиға барысында көзі жойылған адамның бұл оқиғадан бірер сағат бұрын бұрынғы қайын енесінің үйіне барып, оған пышақ салып, ауыр жаралағаны анықталған. Заппаров "ер адам кепілге алу кезінде бұрынғы әйелін өлтіретінін де айтты" дейді.

Бұл қылмыстар бойынша қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-тарауы бойынша ("адам денсаулығына қасақан орташа ауырлықты зиян келтіру")" және 261-бабының 2-бөлігі бойынша ("қару қолданып кепілдікке алу") іс қозғалған. Көзі жойылған адамның ішімдік ішіп, наша шеккені, я шекпегенін сараптама анықтап жатыр.

XS
SM
MD
LG