Accessibility links

Назарбаев 2010 жылы Қырғызстанмен шекара неге жабылғанын айтты


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 қараша 2014 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 қараша 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда 2010 жылғы сәуірдегідей жағдай болашақта қайталанатын болса, Қазақстан тағы да шекарасын жабады деп мәлімдеген. Бұл туралы ол бірқатар БАҚ өкілдеріне сұхбатында айтты деп хабарлайды «Қазақпарат» мемлекеттік агенттігі.

«Оларда төңкеріс болған кезде (2010 жылғы сәуірде – Азаттық.) заңды сайланған президентті биліктен алып, елден қуып жіберді. Түрмеден қамаудағыларды шығарып, олар бізге қарай да беттеген соң, әрине, шекараны жаптық. Егер болашақта осындай жағдай қайталанатын болса, шекараны тағы жабамыз. Мұндай жағдайда шекарасын жаппайтын ел бар ма?» деген Назарбаев.

Ол 2010 жылғы Қырғызстанмен шекараны жабуға «сол елдегі жағдай кінәлі болды» деп түсіндірген. Назарбаев сол кезде Қырғызстан уақытша билігінің өтініші бойынша экс-президент Құрманбек Бакиевті елден алып шығуға арнайы топ жібергенін айтады.

«Бұл оқиғалардың төңірегінде үлкен қарулы топ болды, олар барлығын ойрандамақ болып Бішкекке жиналған кезде, ол тұста респубилканы [Роза] Отунбаева басқаратын, мен одан [Бакиевті] алып кетуді сұраған хат алған соң, әскерилер мен тікұшақтар жіберіп, шығарып алдым» деген Назарбаев.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 17 ақпанда Euronews агенттігіне сұхбатында «2010 жылы Қазақстан бізге бір жарым ай блокада жасап тастаған кезде бізде адам шығыны да болды» деген болатын.

БАҚ өкілдеріне сұхбатында «президенттер мен мемлекет жетекшілері кететінін, ал халықтар қалатынын» айтқан Назарбаевтың көрші елде «қазір сайлау болып жатқандықтан ондай жайттар болып тұрады, қатты назар аударудың қажеті жоқ» деген сөзін келтірген «Қазақпарат».

XS
SM
MD
LG