Accessibility links

Ұлдары өлген ерлі-зайыпты зейнеткерлер қарсылық акциясын өткізді


Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир Тарасов пен Валентина Тарасова қарсылық акциясын өткізіп тұр. Өскемен, 22 наурыз 2017 жыл.
Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир Тарасов пен Валентина Тарасова қарсылық акциясын өткізіп тұр. Өскемен, 22 наурыз 2017 жыл.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер - 75 жастағы Владимир Тарасов пен 71 жастағы Валентина Тарасова Өскеменнің орталық алаңында қарсылық акциясын өткізді. Олар ұлдары Григорий Тарасовтың өлімін "әділетсіз тергеуге" қарсылық білдірді. Тарасовтар жоғарғы соттан Өскеменге комиссия жіберіп, облыстық сотты тексертуді сұрайды.

Тарасовтардың бүгінгі акциясы бейбіт өтті. Билік өкілдері оларды мерекелік шара өтіп жатқан алаңға тігілген киіз үйлерге шақырып, қонақ етті. Кешке таман оларды полиция көлігімен үйлеріне - Глубокое ауданының Белоусовска ауылына жеткізіп салған.

Владимир мен Валентина Тарасовтар 3 ақпанда Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевпен кездесу үшін үкімет үйіне бет алғанда полиция ішке кіргізбей қойған. Полиция оларды үш сағат бойы бөлімшеде ұстаған.

2013 жылы 39 жасында көз жұмған кәсіпкер ұлдары Григорий Тарасовтың өлімін тексеруге наразы азаматтар былтыр 1 шілдеде облыстық және бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне хат жазған. Тарасовтар бұған дейін тергеу тобы бастығын ауыстыртқызған. Соңғы рет олар былтыр қыркүйекте облыс әкімдігінің алдында аштық жариялаған.

Тергеушілер "Григорий Тарасов жазатайым қаза тапқан", дейді, ал оның әке-шешесі "баламызды бизнесін тартып алу үшін бір топ адам өлтірген" деп біледі.

XS
SM
MD
LG