Accessibility links

Германияның жаңа президенті Штайнмайер ант берді


Франк-Вальтер Штайнмайер.
Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия бундестагында сәрсенбі күні елдің жаңа президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің салтанатты ант беру рәсімі өтті.

Инаугурация кезіндегі сөзінде Штайнмайер бұған дейін Германияның қазіргі билігін нацистерге теңеген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды сынады. Сонымен бірге ол ресми Анкараны қазір Түркияда тергеу абақтысында қамауда отырған германиялық Die Welt басылымының журналисі Дениз Юджельді босатуға шақырды.

Штайнмайер заң үстемдігін, БАҚ пен журналистердің сөз бостандығын құрметтеу қажеттігі туралы мәлімдеген. «Біз демократия туралы айтып қана қоймай, оны қорғауға тиіспіз» деген ол.

61 жастағы Франк-Вальтер Штайнмайер ақпанның 12-і күні өткен сайлау нәтижесінде Германияның 12-президенті болып сайланған. Бұрынғы сыртқы істер министрінің кандидатурасын бундестаг депутаттары мен аймақ парламенттері делегаттарының 931-і оған қолдап, 103-і қалыс қалған. Дауыс беруге барлығы 1239 адам қатысқан.

Штайнмайер өзіне дейін Германия президенті болған 77 жастағы Йоахим Гауктың орнына келді.

XS
SM
MD
LG