Accessibility links

Назарбаев Лондондағы шабуылға байланысты Мэйге көңіл айтты


Шабуылдан кейін жабылған көшелердің бірі. Лондон, 23 наурыз 2017 жыл.
Шабуылдан кейін жабылған көшелердің бірі. Лондон, 23 наурыз 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондон қаласындағы терактіге байланысты Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдігі премьер-министрі Тереза Мэйге көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Жеделхатта Назарбаевтың Ұлыбритания парламенті ғимараты маңында жасалған теракт салдарынан бейбіт азаматтардың қаза тапқаны туралы хабарды естігенде қатты күйзелгені айтылған.

«Бұл әрекет бүкіл өркениетті әлемге қарсы теракт ретінде бағаланады. Қайғыларыңызды бөлісе отырып, Біріккен Корольдік халқына және үкіметіне, сонымен бірге шабуылдан зардап шеккендердің туыс-жақындарына көңіл айтамын» делінген жеделхатта.

Бұған қоса жеделхатта Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайтыны және бұл зұлымдықпен күресте халықаралық көлемде күш біріктіруге шақыратыны айтылған.

Наурыздың 22-і күні Лондондағы британ парламент маңайында жасалған шабуыл салдарынан бес адам қаза тапқан. Белгісіз ер адам көлікпен Вестминстер көпіріндегі жаяу жүргіншілерді басып өтіп, полиция өкілін өлімші етіп пышақтаған. Күдіктіні британ құқық қызметкерлері атып өлтірген.

Шабуыл салдарынан ондаған адам зардап шеккен, олардың арасында Франциядан барған 15 және 16 жастағы екі мектеп оқушысы мен үш полиция қызметкері бар деп хабарланды.

XS
SM
MD
LG