Accessibility links

Астанада қазақ-өзбек бизнесі форумы өтті


Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Жібек жолы» шекаралық бекетінде. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Жібек жолы» шекаралық бекетінде. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 19 желтоқсан 2015 жыл.

Астанада бүгін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары аясында қазақ-өзбек бизнес форумы өтті.

Форумда Өзбекстанның сауда-өнеркəсіп палатасының төрағасы Əлішер Шайхов өзбек жағы Қазақстанмен шекара маңында арнайы экономикалық аймақтар құрады деп мәлімдеген. Ол күні бүгінге дейін екі ел арасында «ынтымақтастықты дамыту үшін өте маңызды заңды негіз болатын» 170 келісім жасалғанын айтты деп хабарлайды «Қазақпарат». Шайховтың сөзінше, Астанадағы көрмеге қатысып отырған 200-ден астам компания Өзбекстанның мүмкіншілігінің бір бөлігін ғана көрсетеді.

Kazakh invest акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Алмас Айдаров инвесторларға Қазақстандағы машина құрастыру және агроөнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, екі ел арасындағы сауда айналымы бір жарым миллиард долларға жуық соманы құрайды, 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті бес миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасы Нұржан Әлтаевтың айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстанда Қазақстанның қатысуымен жұмыс істейтін 230-ға жуық кәсіпорын бар, Қазақстанда өзбекстандық резиденттердің қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Әлтаев көршілес Ресей мен Қытайдың орасан зор нарығын бірлесе игеру үшін аталған кәсіпорындар санын көбейтуді ұсынды.

«Қазақпараттың» хабарлауынша, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары аясында екі елдің кəсіпкерлері құны 840 миллион доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойған.

XS
SM
MD
LG