Ауғанстан билігінің мәліметінше, 23 наурызда "Талибан" қозғалысының мүшелері Гильменд уәлаятының страгетиялық маңызды Сангин ауданын еш қарсылықсыз басып алды. Жергілікті биліктің ақпаратына қарағанда, талибтер ауданды үкімет әскері шегінгендіктен басып алған. Талибтер ауған армиясы қалдырып кеткен полиция бөлімшесі мен әскери базаны және әскери құрал-жабдықтарды басып алғанын айтады. Гильменд уәлаяты губернаторының кеңсесі әскер бейбіт тұрғындарды құрбан қылдырмау мақсатында ауданнан "тактикалық тұрғыдан" шығарылғанын айтады. Биліктің тағы бір өкілдері америкалық әскери-әуе күштері ауған армиясы қалдырып кеткен әскери құрал-жабдықтарды бомбалағанын айтады.
Талибтер режимі құлағаннан бері көп жылдар бойы Сангинде соғыс қимылдары жиі болып келеді. Ауғанстанның басқа кез-келген 400 ауданына қарағанда мұнда АҚШ пен Ұлыбритания солдаттары әлдеқайда көп қаза тапқан. Апиын көп өндірілетін Сангин Гильменд өзені мен Кандагар уәлаятының ортасында орналасқан.
2013 жылы НАТО қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциясын ауған армиясына табыстаған. Содан бері елде талибтермен және басқа да экстремистік топтармен күрес жалғасып келеді. АҚШ-тың есебінше, ауған үкіметі ел территориясының 60 пайыздан азына бақылау жасайды.