АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы республикашылдар бұрынғы президент Барак Обаманың кезінде қабылданып, күшіне енген міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасының (Obamacare) күшін жою туралы заң жобасын кері қайтарып алды.
CNN телеарнасының дерегі бойынша, өкілдер палатасы спикері Пол Райан республикалық партия заң жобасын мақұлдау үшін қажетті дауыс жинай алмайтыны жөнінде президент Дональд Трампты хабардар еткен.
2010 жылы Обама президент болып тұрғанда медициналық сақтандыруды реформалау нәтижесінде қабылданған Obamacare бағдарламасына сәйкес, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға дәрігер көмегін алуға субсидия бөлінеді. Мұндай медициналық сақтандыруға ие болғандардың көпшілігі мемлекеттен дотация алады. Бұл реформаны сынаушылар оның тым қымбатқа түскенін алға тартады: Obamacare елдегі кейбір топтағы адамдардың төлейтін салығы айтарлықтай өскен.
Өткен жылы президент сайлауы алдындағы сайлау кампаниясы кезінде Дональд Трамп Obamacare бағдарламасына қарсы шығып, АҚШ президенті болып сайланатын болса оның күшін жоятыны туралы бірнеше мәрте мәлімдеген. Обаманың бастамасын Конгресте көпшілік дауысқа ие республикашылдар да сынаған.