Украина астанасында бүгін Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Денис Вороненковты ақтық сапарға шығарып салды. Ол наурыздың 23-і күні Киевтің орталығында қастандықпен өлтірілген.
Киевтің Владимир соборында өткен жаназа рәсіміне марқұмның жесірі, опера әншісі Мария Максакова, Жоғарғы Рада депутаты, Украина ішкі істер министрі кеңесшісі Антон Геращенко, Ресей мемлекеттік думасы экс-депутаты Илья Пономарев, сондай-ақ бұған дейін Ресейден кетіп қалған бірнеше оппозиционер қатысты.
Тергеушілердің айтуынша, Вороненковты Украина азаматы Павел Паршов атып өлтіргені анықталған. Тергеу орындары Украина ұлттық гвардиясында қызмет атқарған Паршов Ресей арнайы орындарының тапсырмасын орындаған дейді. Паршов шабуыл кезінде Вороненковтың күзетшісі атқан оқтан өлімші болып жараланып, салдарынан көп ұзамай жан тапсырған.
Украина президенті Петр Порошенко Вороненковтың қазасын «Ресей тарапынан жасалған мемлекеттік теракт» деп атаған. Мәскеу экс-депутатты қастандықпен өлтірілуін «украин арнайы қызметінің арандатуы» деп атайды.
Денис Вороненков өткен жылдың соңында Мәскеуден Киевке қоныс аударып, әйелі екеуі Ресей азаматтығын алған. Ол Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің үстінен «мемлекетке опасыздық жасау» айыбымен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуге куәлік берген.