Алдын ала ресми мәлімет бойынша, Болгариядағы парламент сайлауында бұрынғы премьер-министр Бойко Борисовтың батысшыл партиясы жеңіске жетіп, ресейшіл социалистер жеңіліс тапты. Берілген бюллетеннің 90 пайызын санағаннан кейінгі нәтижеде Борисовтың "Азаматтар Болгарияның еуропалық дамуы үшін" партиясы 32,58 пайыз дауыс, Болгар социалистік партиясы (BSP) 26,8 пайыз дауыс жинаған.
Бұл мәліметтер Alpha Research және Gallup International Balkan ұйымдары жүргізген экзитпол мәліметтерін қуаттап отыр. "Біріккен патриоттар" ұлтшыл альянсы 9,2 пайыз, этникалық түріктердің MRF партиясы 8,9 пайыз, популистік Will партиясы 4,1 пайыз дауыс жинаған. Сайлаудың түпкілікті нәтижелері 30 наурызда жарияланбақ.
Борисов осымен үшінші рет министрлер кабинетін жасақтауға мандат алады. Билікке келгенге дейін ол бірнеше ұсақ партиялармен коалиция құруы қажет.
Сарапшылар Еуропа Одағы мен НАТО-ға мүше Болгариядағы сайлау барысын елдің қай бағытқа қарай бет алатынын білу үшін мұқият бақылап отыр.
"Азаматтар Болгарияның еуропалық дамуы үшін" партиясы Батыс елдерімен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды қалайды, ал социалистер Мәскеумен байланысты нығайтқанды көксейді. Дегенмен, Борисовтың экономикасы бұрынғыдай Ресейге қатты тәуелді Болгариядағы күштердің ара салмағын сақтау үшін Ресей мен Батыс елдері арасында шеберлік танытуы қажет.
Социалистер жетекшісі Корнелия Нинова 26 наурыз күні кешке жеңілгендерін мойындағанымен, егер Борисовтың партиясы министрлер кабинетін жасақтай алмаса BSP үкіметті құру жолдарын қарастыратынын мәлімдеді. "Біз жеңген партияны құттықтаймыз. Егер олар үкіметті жасақтамаса онда мандатты біз аламыз, болгар үкіметін жасақтауға тырысып көреміз" деді Нинова журналистерге.