Accessibility links

AI Мосулда бейбіт тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды


Мосулдағы соғыс қимылдарынан бас сауғалап бара жатқан тұрғындар. Ирак, 17 наурыз 2017 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық ұйымы Ирактың Мосул қаласында "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымымен соғысып жатқан АҚШ басқаратын коалицияны бейбіт тұрғындар арасында ықтимал кісі өлімінің алдын алуға шақырды. AI бұл туралы баяндамасын 27 наурызда жариялады. Мұның алдында АҚШ билігінің өкілдері Мосулда ұйым дерегінше 150 бейбіт тұрғын қаза тапқан әуе шабуылын коалиция күштері жасағанын мойындаған. АҚШ билігі құрбандар арасында бейбіт тұрғындар барын растамағанымен, тергеу жүргізетінін білдірді.

Amnesty International баяндамасында Мосулдағы соққы жасалған орыннан жиналған айғақтар "АҚШ бастаған коалицияның отбасылы бейбіт тұрғындар тұрып жатқан үйлерге әуеден шабуыл жасағанын көрсететіні" айтылған. Баяндамада сонымен қатар бейбіт тұрғындар арасында адам шығынын болдырмау амалдарын жасамау "халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын өрескел бұзу" болып саналатыны айтылады.

АҚШ бастаған коалиция Ирак әскерінің Мосулды ИМ содырларынан азат ету операцияларына әуеден қолдау көрсетеді. ИМ содырлары Мосулды 2014 жылы жазда басып алған. Қаланың батыс бөлігін азат ету операциясы ақпаннан бері жүргізіліп жатыр. Ирак әскері қаланың шығыс бөлігін қаңтарда алған.

XS
SM
MD
LG