Accessibility links

Қазақстанда "Үлкен террор" құрбандарын еске алуды ұсынды


Алматы облысының Жаңалық ауылында сталиндік қуғын-cүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш.
Алматы облысының Жаңалық ауылында сталиндік қуғын-cүргін құрбандарына орнатылған ескерткіш.

Мәжіліс депутаттары Қазақстан үкіметіне 1930 жылдары СССР-де "Үлкен террор" деп аталған жаппай саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толу датасын атап өтуді сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Депутаттар атынан жолданған сауалды бүгін мәжілістің пленарлық отырысында депутат Бақтыбай Мұсырман оқып берді.

Мұсырман премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында аталған қуғын-сүргіннің салдарынан ұлттың көптеген саяси қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері "халық жауы" деген жаламен бас бостандықтарынан айырылып, атылғанын айтады.

Депутаттар Сағынтаевқа министрліктер мен Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдіктеріне сталиндік саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына байланысты еске алу шараларын өткізуге тапсырма беруді ұсынды. Депутаттар еске алу шаралары қатарында ғылыми-практикалық конференциялар, білім беру орындарында ашық сабақтар, көрмелер өткізу, репрессия тақырыбында көркем және деректі фильмдерді көрсету, пьесаларды сахналау, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастыру, қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткерлердің есімін есте қалдыру бойынша ономастикалық жұмысты жандандыру қажет дейді.

Тарихшылардың деректері бойынша, сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 22 мың адам атылған.

XS
SM
MD
LG