Ұлыбритания Еуропа Одағынан (ЕО) шығу процесін (Брекзит ) бастағанын ресми түрде мәлімдеді. Елдің премьер-министрі Тереза Мэй Брекзит басталғаны туралы ресми хатты Брюссельге жіберген.
Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы туралы референдум 2016 жылы маусымда өткен. Оған қатысқан британ азаматтарының 52 пайызға жуығы елдің ЕО құрамынан шығуын қолдап дауыс берген.
Референдум нәтижесі жарияланғаннан кейін Брюссель Лондонды ЕО құрамынан шығу процесін көпке созбай, тездетіп бастауға бірнеше мәрте шақырған. Ұлыбритания парламенті 2017 жылы наурыздың ортасында ЕО-дан шығу процесін бастау жайлы арнайы заң қабылдаған.
Сәуірдің соңында өтетін ЕО басшылары саммитіне Ұлыбритания қатыспайды. Ол жиында ЕО басшылары Еурокомиссияға Брекзит келіссөзін жүргізуге мандат беруі тиіс. Брекзит шартын талқылауға екі жыл берілмек. Ұлыбритания ЕО-ның ортақ нарығынан шығып, ЕО елдеріне арналған жаңа кеден ережелерін қабылдап, Еуропа сотының юрисдикциясынан кетіп, иммигранттар жайьлы бақылау жүйесін жасауы тиіс. Лондон ЕО-мен қорғаныс және қауіпсіздік саласында әріптес бола береді.
ЕО-ға 1973 жылы қосылған Ұлыбритания бұл одақтан шыққан бірінші ел болмақ.