Accessibility links

Астана: АҚШ Храпуновқа қарсы шағымды қарайтын болды


Виктор Храпунов, Алматының бұрынғы әкімі.
Виктор Храпунов, Алматының бұрынғы әкімі.

АҚШ-тың Калифорния штатында Астананың Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қарсы түсірген шағымы қаралады деп хабарлады бүгін Қазақстанның әділет министрлігі.

Министрліктің ресми сайтында хабарланғандай, Храпунов пен оның отбасы мүшелері және олардың АҚШ пен басқа да елдерде тіркелген жалған компанияларына қарсы шағымды 2014 жылы Алматы қаласының әкімдігі Калифорния штатының сотына түсірген. Шағымда Храпуновтың "ұйымдасқан қылмыс және коррупциямен күрес жөніндегі заңды, Алматы қаласы тұрғындарының мүддесіне жұмыс істеу міндеттемесін бұзғаны, бөтеннің мүлкін заңсыз иелену және осы мақсатта қылмыстық сөз байласқаны" айтылады.

Ресми мәлімет бойынша, әуелде штаттың округтік соты "АҚШ бұл дауды қарайтын жер емес" деген уәжбен қайтарып тастаған. Бірақ Алматы әкімдігі мен әділет министрлігі Калифорния штатының апелляциялық сотына қарсы шағым түсіріп, ол сот округтік соттың алғашқы шешімін жойған.

"Храпуновтар мен олардың жалған компаниялары Алматы қаласының бюджетінен ұрланған қаржыға Калифорнияда жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктер алған" делінген миинстрлік хабарламасында.

Қазақстан билігі АҚШ-та Latham&Watkins LLP заң фирмасы кеңес беретінін айтады.

Алматының бұрынғы әкімі, 65 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.

XS
SM
MD
LG