Accessibility links

Астана, Баку мен Тбилиси транскаспий дәлізі жобасын талқылады


Қытай мен Украинаны жалғайтын жаңа темір жол бағытымен жөнелтілетін жүк контейнерлерін Қара теңіздегі Ильичевск портында кемеге тиеп жатыр. Одесса облысы, Украина, 15 қаңтар 2016 жыл.
Қытай мен Украинаны жалғайтын жаңа темір жол бағытымен жөнелтілетін жүк контейнерлерін Қара теңіздегі Ильичевск портында кемеге тиеп жатыр. Одесса облысы, Украина, 15 қаңтар 2016 жыл.

Әзербайжан, Грузия және Қазақстан өкілдері транскаспий халықаралық көлік дәлізі аясында келісім жасады деп хабарлайды Trend агенттігі. Бакуде сәуірдің 1-і күні «Транскаспий көлік дәлізі» халықаралық қауымдастығы заңды тұлғалары достастығының отырысы өткен. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар хаттамасына қол қойылған.

Отырыс хаттамасына сәйкес, тараптар «Транскаспий көлік дәлізі» халықаралық қауымдастығы заңды тұлғалары достастығы мүшелігі туралы ережені, көлік дәлізін дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрамы мен ережесін, 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарын, Достастық жарғысы мен белгісін бекіткен және өзге де мәселелерді қараған.

Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігіне Баку-Ахалкалаки-Карс бағытындағы темір жол да енеді. Бұл көлік дәлізі Еуразияның логистикалық, экономикалық және, қорытындысында сыртқы саяси жағдайына түбегейлі өзгеріс әкеледі. Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузияны басып өтетін халықаралық дәліз одан ары Түркия мен Украина арқылы Еуропаға шығады. Жобаны жүзеге асыру Азиядан Еуропаға жүк жеткізуді үш есе жылдамдатып, жалпы шығынды азайтуға мүмкіндік бермек.

XS
SM
MD
LG