Accessibility links

Вучич Сербиядағы президент сайлауында "таза жеңгенін" мәлімдеді


Александр Вучич, Сербия премьер-министрі.
Александр Вучич, Сербия премьер-министрі.

Сербия премьер-министрі Александр Вучич Сербиядағы президент сайлауында "таза жеңіске жеткенін" жариялады. Белградта өзінің Прогрессивтік партиясының жақтастары алдында сөйлеген Вучич "Жеңіске жеткенім айқын. Біз үшін бұл - Сербия жүруі тиіс жолды көрсететін маңызды оқиға" деді. Вучич Сербияны Еуропа Одағына кіргізуге уәде бергенімен, Ресеймен де барынша жақын байланыс ұстайтынын айтты. "Сербия тұрғындарының көпшілігі елдің Ресей және Қытаймен дәстүрлі достық қарым-қатынасын сақтай отырып, Еуропаға бет алғанын қолдайды" деді Вучич. Ол сонымен қатар жаңа үкімет екі ай ішінде құрылатынын да айтты.

Сербиядағы сайлаудың ресми қорытындысы бүгін жариялануы тиіс. Болжам бойынша, Вучич 55 пайыздан кем дауыс алмайды. Ол екінші кезеңге қалып қоймауы үшін сайлауда кем дегенде 50 пайыз дауыс жинауы керек. Вучичтен кейінгі орында бұрынғы омбудсмен Саса Янкович келеді. Ipsos ұйымының мәліметінше, Янкович берілген бюллетеннің 40 пайызын санағандағы қорытындысы бойынша 15 пайыз дауыс жинаған. Янкович жеңілгенін сайлаудың ресми қорытындысы шыққанда ғана мойындайтынын мәлімдеді.

Өзін әзіл ретінде президенттікке ұсына салған студент Лука Максимович үшінші орында келеді. Сауалнама қорытындысы бойынша, ол тоғыз пайыз дауыс жинаған. Ішкі саясаттағы коррупцияны сынаған Максимович президент болып сайланса мемлекет қаржысын жымқыруға уәде берген.

Вучич президент болса өз билігін нығайту үшін бұл қызметті трансформациялайды деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG