Accessibility links

Куәгер Құшақбаевтың "аштықты жалғастыруға шақырғанына сенбейтінін" айтты


Нұрбек Құшақбаев сотта отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев сотта отыр. Астана, 3 сәуір 2017 жыл.

Астанада Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың сотында қорғаушы тараптың куәгерлерінен жауап алынып жатыр деп хабарлады соттан Азаттық тілшісі.

Куәгерлер - сот шешімімен жойылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) баспасөз хатшысы Людмила Экзархова мен конфедерация өкілі Ерлан Балтабай сөйледі. Ерлан Балтабай сотта Құшақбаевқа тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. "Естуімше, жұмысшылар аштық ұстаған кезде Құшақбаев Қазақстанда болмаған. Сондықтан Құшақбаев аштық жариялауға шақырды деген айыппен келіспеймін. Оған бұл айып арандату үшін тағылып отыр" деді Балтабай.

Людмила Экзархова Дүниежүзілік кәсіподақтар федерациялары ассоциациясы Қазақстан үкіметіне Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қудалауды тоқтатуға шақырғанын, олай болмағанда қарсы шаралар қабылданатынын ескерткенін айтты.

Құшақбаевты сотқа жұмысшылары аштық ұстаған Techno Trading компаниясы берген.

Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.

Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.

XS
SM
MD
LG