Accessibility links

Жарылыстан соң хабарсыз кеткен Арышевтің ата-анасы Ресейге ұшып кетті


Санкт-Петербург метросының жарылыс болған "Технология институты" станциясына кіреберісте тұрған төтенше жағдай қызметкерлері. 3 сәуір 2017 жыл.
Санкт-Петербург метросының жарылыс болған "Технология институты" станциясына кіреберісте тұрған төтенше жағдай қызметкерлері. 3 сәуір 2017 жыл.

Санкт-Петербургтегі метрода болған жарылыстан соң хабарсыз кеткен Максим Арышевтің ата-анасы Ирина және Виталий Арышевтер бүгін Алматыдан Ресейге ұшып кетті. Бұл туралы Азаттыққа өзін Максимнің апайымын деп таныстырған Елена Арышева хабарлады. Ол туыстарында Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген Максим Арышевтің қайда екені туралы ешқандай ақпары жоғын айтты.

- Ағам әйелімен бірге бүгін ұшып кетті. Біз ешнәрсе білмейміз, - деді Елена Арышева.

Максим Арышевтің әлеуметтік желілердегі аккаунттарында оның Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінің информатика және қолданбалы математика факультетінде "Ақпараттық жүйелер және технологиялар" мамандығы бойынша оқитыны айтылған.

Ресейлік кейбір БАҚ кеше Санкт-Петербург метросындағы жарылысты Қазақстан азаматы Максим Арышев (Аришев) жасаған болуы мүмкін деп хабарлаған. Fontanka.ru басылымы жарылыс болған вагонда 22 жастағы Қазақстан азаматы Макси Арышевтің болғанын және оның "жанкешті террорист болуы мүмкін екенін" жазған. "Интерфакс" агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап, тергеушілер "Технология институты"станциясындағы жарылысты алдын ала болжам бойынша "Орталық Азиядан шыққан 23 жастағы" адам жасағанын хабарлаған. Бірақ бірқатар БАҚ-та жарылыс эпицентрінде қаза тапқан адамның жанкешті емес, құрбандардың бірі болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Азаттыққа Максим Арышевтың қайда екені туралы әзірге ақпараты жоғын айтты. Қаза тапқандардың кім екенін анықтау жұмыстары жасалып, жапа шеккендердің тізімі мен олардың қай елдің азаматы екені анықталып жатыр. Ресми мәлімет болса, бізге бірден түседі, біз ол туралы БАҚ-қа хабарлаймыз" деді Жайнақов.

Жайнақов бұған дейін Facebook-те Максим Арышевтің жарылысқа қатысы бар деуге әлі ерте екенін жазған.

3 сәуір күні күндіз Санкт-Петербург метросының вагонында "Технология институты" және "Сенная площадь" станцияларының арасында жарылыс болған. Соңғы мәлімет бойынша, жарылыстан 11 адам қаза тауып, 50-ге тарта адам жараланған. Ресей билігі жарылысты теракт деп атады. Жарылыстың жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алмады.

XS
SM
MD
LG