Accessibility links

Журналист: Полиция "Уральская недельядан" дереккөзін жариялауды талап етті


Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделья" газетінің редакторы.
Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделья" газетінің редакторы.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы облыстық мәслихаттың депутаты қатысқан болуы мүмкін жол-көлік оқиғасы туралы жедел ақпараттың көшірмесін жергілікті басылымға тарату фактісі бойынша соталды тергеу бастады.

Жергілікті "Уральская неделья" басылымының редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың Азаттыққа айтуынша, бүгін редакцияға өздерін ІІД жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкеріміз деп таныстырған, бірақ аты-жөнін айтпаған екі полицейдің келгенін хабарлады. Ахмедьяровтың сөзінше, олар журналистен жедел ақпарат көшірмесінің редакцияға қалай түскенін айтуды сұраған. БАҚ туралы заңға сүйенген журналист редакцияға ақпараты берген дереккөзін жариялаудан бас тартқан. ІІД Азаттыққа жедел ақпарат көшірмесінің таралу фактісіне байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Лұқпан Ахмедьяров 3 сәуір күні ІІД баспасөз хатшысы Асылай Губашева "Уральская неделья" газетіне жол-көлік оқиғасы туралы мәлімет шыққан соң редакцияға бірнеше рет хабарласып, басылым сайтынан көлік апатына кінәлі адам туралы ақпаратты алып тастауды талап етті дейді. Журналист редакцияда Губашевамен телефонмен әңгіменің аудио жазбасы барын айтады.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, екі адамның өмірін қиған жол апаты 29 наурыз күні таңертең Оралдан республикалық Самара - Шымкент жолына шығатын Жәңгір хан көшесінде болған. Тoyota Land Cruiser 200 көлігі жол ережесін бұзып, "Лада Приора" көлігін соғып, одан соң "Ауди" көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан "Лада Приора" көлігінде отырған екі адам - Зеленовск ауданы Үлкен Шаған ауылының тұрғындары - 22 жастағы Вячеслав Лепухин мен оның әжесі, 63 жастағы Надежда Кондрашкина қаза тапқан.

Оқиғадан соң ІІД баспасөз қызметі тергеу құпиясы деп, жол апатын жасағандардың аты-жөнін жариялаудан бас тартқан.

Жол апаты құрбандарының туыстарының айтуынша, жол апаты кезінде Тoyota Land Cruiser 200 көлігінің рөлінде облыстық мәслихаттың депутаты әрі "Болашақ-Т" құрылыс компаниясының бас директоры Қайдар Қошанов болған. Депутаттан комментарий алу әзірге мүмкін болмай тұр.

XS
SM
MD
LG