Accessibility links

АҚШ Ресей сыртқы барлау қызметінің агентін депортациялады


Ресей сыртқы барлау қызметінің агенті Евгений Буряковтың 2015 жылы қаңтарда ұсталған соң сотта отырғаны бейнеленген картина.
Ресей сыртқы барлау қызметінің агенті Евгений Буряковтың 2015 жылы қаңтарда ұсталған соң сотта отырғаны бейнеленген картина.

АҚШ 5 сәуірде Ресей сыртқы барлау қызметінің қызметкері, тыңшылық жасады деген айыппен сотталып, америка түрмесінде екі жылдан астам уақыт отырған Евгений Буряковты депортациялады.

42 жастағы Буряков АҚШ-та бірнеше жыл Ресей сыртқы барлау қызметінің тапсырмасы бойынша "Внешэкономбанктің" Нью-Йорктегі өкілдігінің қызметкері ретінде жұмыс істеп, экономикалық тыңшылықпен айналысқан. Онымен бірге Ресейдің сауда өкілдігінде және БҰҰ-дағы Ресей миссиясында жұмыс істеген сыртқы барлау қызметінің қызметкерлері Игорь Спорышев пен Виктор Поддубный да айыпталған. Бірақ олар өздеріне айып тағылғанға дейін АҚШ-тан кетіп үлгерген. 2016 жылы мамырда өткен сотта Буряков Ресейдің АҚШ-тағы тіркелмеген агенті ретінде әрекет еткенін мойындаған. Ол өзін АҚШ-тың Ресей фирмалары мен ресейліктерге салған санкциялары туралы ақпараттар және энергетикалық индустрия туралы мәліметтер қызықтырғанын айтқан.

Бірер күн бұрын америкалық БАҚ-тарда Буряковтың серігі Виктор Поддубныйдың 2015 жылы Картер Пейджбен байланыс орнатқаны туралы ақпарат пайда болған. Пейдж бұдан бір жылдан соң АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың кеңесшісі болған. Пейдж Буряковке жалпыға қол жетімді ақпаратқа негізделген АҚШ-тың энергетикалық салаларына жасалған талдауды бергенін мойындаған.

Сотқа дейін қамауда отырғаны ескеріліп мерзімінен бұрын босатылған Буряков әуежайға Ресейдің "Аэрофлот" компаниясының ұшағына дейін жеткізіліп, Ресей өкілдеріне табысталды.

XS
SM
MD
LG