Accessibility links

Оралда белгісіз біреулер белсендінің көлігін бүлдіріп кетті


Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.
Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.

Оралдық белсенді Исатай Өтеповтің көлігін белгісіз адамдар бүлдіріп кетті. Аймақтық "Уральская неделя" басылымының хабарлауынша, 6 сәуірге қараған түні белгісіз адамдар белсендінің көлігіне аэрозоль краскасын шашып, дөңгелектерінің желін шығарып кеткен.

Оқиға орнынан түсірілген суреттерде жеке үйлер орналасқан аудандағы көшеде тұрған көліктің дөңгелектерінің желі шығып, шанағына қызыл сыр жағып кеткені көрінеді. Көлікті бүлдіріп кеткенін алғаш Өтеповтің жұбайы байқаған. Өтеповтің өзі 5 сәуірде құқық қорғаушылармен кездесуге Астанаға ұшып кеткен. Ол бұл оқиғаны өзінің құқық қорғау қызметімен айналысқанымен байланыстырады.

"Айнала лайсаң болып жатқандықтан көршілерімнің барлығы көліктерін түнде көшеде қалдырып кетеді. Себебі батпақ болғандықтан аулаға кіру мүмкін емес. Түсінгенім бойынша, менің көлігімді ғана бүлдірген. Түнде көшеде қалған көршілерімнің бес көлігіне тимеген. Менің көлігімді ғана бүлдіргені белгілі нәрсе және мұны істегендер менің үйде емес екенімді білген" деген Өтепов "Уральская неделя" басылымына.

Өтепов өткен жылы көктемде "жер мәселесі" бойынша жалғыз кісілік акция өткізгені үшін айыппұл салынып, 15 күнге қамалған. Осы жылдың басында ол Қазақстан билігінің бастамаларына қатысты сыни жазбалары үшін өзін полицияға "түсіндіру жұмыстарына" шақыртқанын хабарлаған. Өткен айда белсенді үйінің жанында өзіне шабуыл жасалғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG