Accessibility links

Ресейде "Болотный ісі" бойынша сотталған белсенді бостандыққа шықты


Леонид Развозжаевтың түрмеден босап шыққан сәті. Красноярск, 7 сәуір 2017 жыл.
Леонид Развозжаевтың түрмеден босап шыққан сәті. Красноярск, 7 сәуір 2017 жыл.

Ресейдің Красноярск қаласында бүгін оппозиционер Леонид Развозжаев жұма күні бостандыққа шықты. "Болотный ісі" бойынша сотталған тұтқынды түрме есігі алдында жұбайы Юлия қарсы алған.

Развозжаев қамауда отырған кезінде өзіне қолдау білдіргендердің барлығына алғысын білдірген. Азаттықтың Орыс қызметіне ол түрмеден кейін денсаулығын оңалтатынын, ал одан соң немен айналысатыны туралы әзірше шешім қабылдамағынын жеткізген. Развозжаев қоғамды демократияландыруға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге, сондай-ақ Ресейдің жаза орындау жүйесіндегі жағдайды өзгертуге атсалысу ниеті барын айтқан.

2014 жылы шілде айында Мәскеу қалалық соты «Левый фронт» («Солшыл майдан») қозғалысы үйлестірушісі Сергей Удальцов пен белсенді Леонид Развозжаевты төрт жарым жылға бас бостандығынан айырған. Ол екеуіне 2012 жылғы мамырдың 6-сы күні Мәскеудің Болотный алаңында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған және осындай шараларды Ресейдің өзге қалаларында ұйымдастырмақ болған деген айып тағылған еді.

Бұған дейін ресейлік билік орындары Леонид Развозжаевты мерзімінен бұрын түрмеден шығарудан бас тартқан. Федералдық жаза орындау қызметі Размозжаев түрмеде «бірнеше рет тәртіп бұзған» және «тағы да қылмыс жасауы ықтимал» деген уәж айтқан.

Леонид Развозжаев енді екі жыл бойы билік органдарының қадағалауында болады. Оған бұқаралық акцияларға қатысуға тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG