Accessibility links

НАТО жетекшісі Сириядағы химиялық шабуылды айыптады


НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтері ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің мәлімдемесін таратты. Онда НАТО жетекшісі АҚШ қарулы күштері Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасына зымыран соққысын жақында Башар Асад режимі Хан-Шейхун қаласында химиялық қару қолданғаннан кейін жасалғаны айтылған. Сирия әскерінің «сұмдық» іс-әрекетінің құрбанына айналған ондаған бейбіт тұрғынның арасында көп бала бары айтылған.

"Сириялық режим қазіргі жағдай үшін толық жауапты. НАТО Сирияның химиялық қару қолдануды жалғастыруын халықаралық нормалар мен келісімдерді көпе-көрнеу бұзу ретінде дәйекті түрде айыптайды" делінген мәлімдемеде.

НАТО Сириядағы жанжалды саяси жолмен реттеу және бейбіт бітімге келуге бағытталған барлық халықаралық күш-жігерді қолдайды деп мәлімдеген Столтенберг.

АҚШ жұма күні Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасына 59 "Томогавк" қанатты зымыран атқан. Ақ үй бұл соққы содан үш күн бұрын Сирияның Хан-Шейхун қаласындағы бейбіт тұрғындарға жасалған химиялық шабуылға жауап екені айтылған. Ол шабуыл салдарынан газдан уланып қаза тапқандар саны 80 адамнан асқан.

Дамаск химиялық шабуыл туралы айыптауды жоққа шығарып, "әуе соққысы кезінде оппозицияның химиялық қару-жарақ қоры сақталған қоймаға бомба түскен" деп санайды. Башар Асад үкіметін қолдайтын Ресей де осындай болжам айтқан.

XS
SM
MD
LG