Accessibility links

Астана Сириядағы жағдайдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді


Астанада өткен Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушылар. 15 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өршуіне байланысты алаңдуашылығын білдіреді. Бұл туралы министрлік сенбі күні таратқан ресми мәлімедемеде айтылған.

«Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез-келген қолдануын моральға, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз» делінген мәлімдеме мәтінінде.

Ресми Астана қақтығыстың одан әрі өршуі Сирия жеріндегі қарулы жанжалды бейбіт жолмен шешу және тараптардың келісімге келуі перспективасын алыстатады деп санайды. Қазақстан сирияаралық қақтығысты тек бейбіт жолмен, диалог және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік екенін мәлімдеп, «барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі шеңберінде Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға» шақырған.

Жұма күні АҚШ Сирияның «Шайрат» әскери әуе базасына 59 қанатты зымыран атқан. Ақ үй бұл соққыны содан үш күн бұрын Хан-Шейхун қаласына жасалған ықтимал химиялық шабуылға жауап деп атаған.

Дамаск «химиялық қару қолданбағаны» туралы мәлімдеген. Башар Асад үкіметін қолдайтын Мәскеу АҚШ-тың Сирия базасына зымыран шабуылын «егемен елге қарсы жасалған агрессия» деп айыптаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG