Павлодар қалалық соты Сауд Арабиясының Медина ислам университетінің магистранты, Екібастұз қаласының тұрғыны Қуаныш Башпаевты «діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Үкім жұма күні кешке шыққан. Сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсірмекші.
30 жастағы Қуаныш Башпаевты сотқа тартуға «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған аудио жазбалар негіз болған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің айыптау актісінда әлгі аудио жазбаларда «діни алауыздық белгілері болуы мүмкін» екені жазылған.
Сотталушының адвокаты Бауыржан Азанов Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жазуынша, сот Башпаевқа Қазақстан қылмыстық кодексіндегі діни алауыздық қоздыру туралы 174-бабы 1-бөлігі (2015 жылғы қаңтардың 1-інен күшіне енген) бойынша тағылған айыптауды кодекстің ескі редакциясындағы 164-бапқа ауыстырып, жаза тағайындаған. Ол бапта бес жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
«Егер ескі редакциядағы 164-бапқа ауыстырмағанда Башпаев 7 жылға бас еркіндігінен айырылуы мүмкін еді» деп жазған адвокат Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, сот Қуаныш Башпаевтың 2015 жылдан кейін интернетте дәрістер жариялағанына дәлел-айғақ келтіре алмаған. Ол лингвистикалық комиссия Қуаныш Башпаевтың сөзінен діни алауыздықты қоздыратын белгілер таба алған жоқ дейді. Айыптауға тергеу барысында жасалған дінтанушы сараптамасы негіз болған.
Қуаныш Башпаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, ол тергеу орындарының «дәріс» деп отырғаны 2011 жылы Алматыдағы кафелердің бірінде болған әңгіме дейді. Тергеушілердің болжамынша, Башпаев үш жыл бұрын Екібастұздағы мешітте тағы бір әңгімелер айтқан. Сотта сөйлеген кезде Қуаныш Башпаев әлгі аудио жазбаларды өзі еш жерде жариялмағанын және оны интернетке кім салғанын білмейтінін және сотта келтірілген аудио жазбалар ешқандай дәріс емес, әңгіме барысында айтқан сөздерінен үзінділер екенін мәлімдеген.