Accessibility links

Стокгольмдегі шабуылға күдіктінің аты-жөнін билік айтпай отыр


Стокгольмде 2017 жылғы 7 сәуірдегі терактіге байланысты полиция іздеу жариялаған күдіктінің суреті.
Стокгольмде 2017 жылғы 7 сәуірдегі терактіге байланысты полиция іздеу жариялаған күдіктінің суреті.

Швеция билігі Стокгольмде жұма күні жасалған терактіге қатысы бар деген күдікпен ұсталған 39 жастағы Өзбекстаннан келген адамның аты-жөнін жарияламай отыр.

Бас прокурор Ханс Ирманның айтуынша, күдікті жұма күні, полиция күләпарасы бар сұр түсті киімдегі ер адамға іздеу салып, оның суретін жариялағаннан кейін Стокгольмнің солтүстігінде ұсталған. Билік сәуірдің 7-і күні Швеция астанасының орталығында алдымен жүк көлігін ұрлап, кейін сонымен көшедегі жұртты таптаған қылмыс оқиғасына осы адамды күдікті санайды. Жүк көлігімен жасалған шабуыл салдарынан 4 адам қаза тауып, 15 кісі зардап шеккен.

Швеция үкіметінің жетекшісі Стефан Лёвен бұл оқиғаны "теракт" деп атаған.

Швеция полиция мекемесінің басшысы Дан Элиассон баспасөз мәслихатында жүк көлігіндегі жүргізуші орындығынан ол жерде болуы тиіс емес "техникалық құрал" табылғанын хабарлаған. Полиция шенеунігі ол жарылғыш немесе жанғыш зат деген тұжырым жасай алмайтынын, не зат екенін техникалық сараптама анықтайтынын айтқан.

Reuters агенттігі ұсталған сезіктіге сот тағайындаған адвокат Йохан Эриксон сәуірдің 8-і күні қамауда отырған онымен кездескен деп хабарлады. Адвокат қорғауындағы адам туралы журналистерге қосымша мәлімет беруден бас тартты. Швеция қауіпсіздік қызметінің басшысы Андерс Торнберг аты-жөні жарияланбаған күдіктінің өткен жылы швед арнайы қызметінің есебінде тіркелгені туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, күдіктінің ол жолы қандай да бір экстремистермен байланысы байқалмаған.

XS
SM
MD
LG