Ресей Беларуське осы ел бюджетін қолдау үшін бір миллиард доллар сомасында несие беру мәселесін қарастырып жатыр деп мәлімдеді Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов. "Президенттеріміз кездесіп, қаржылық ынтымақтастық және қаржыландыру мәселелерін талқылады. Қазір мұны пысықтап жатырмыз. Бюджетті және ағымдағы төлем балансын қолдауға бір миллиард долларға дейін мемлекетаралық несие беруді зерттеп жатырмыз" деді Силуанов Мәскеуде журналистерге.
Беларусь премьер-министрінің орынбасары Владимир Семашко осы аптаның басында таяуда екі ел президенттері арасында өткен келіссөзден соң Мәскеудің Беларуське бір миллиард доллар несие беруге уәде бергенін мәлімдеген. "Қолайлы шартпен қосымша бір миллиард доллар бөлу туралы тапсырма берілді" деді ол Беларусьтің мемлекеттік телерадио компаниясына берген сұхбатында Ресей мен Беларусь президенттері Владимир Путин мен Александр Лукашенконың 3 сәуірде Санкт-Петербургтегі кездескеніне сілтеме жасап.
Семашко сонымен қатар Ресей биыл Беларусьтің Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорынан "өте тиімді шарттармен - ұзақ мерзімге және төмен пайызбен" 900 миллион долларды құрайтын екі транш алуына көмектесетінін де айтты.