Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияда өткен аптада химиялық қарудан шабуыл жасалғанына қатысты қарарының жобасына вето қойды. Кеңестің тұрақты мүшесі Қытай мен тұрақсыз мүшелері Қазақстан және Эфиопия дауыс беруде қалыс қалды. Он мемлекет қарарды қолдап дауыс берсе, Ресей мен Боливия қарсы дауыс берді. Мәскеу Қауіпсіздік кеңесінде одақтасы - Сирия президенті Башар Асадтың іс-қимылына тоқтау салатын қарарларға осымен сегізінші рет вето қойып отыр.
Дамаск мен Мәскеу сириялық көтерілісшілердің бақылауындағы Хан-Шейхун қаласында ондаған адамның өліміне себеп болған улы газ "үкімет әскері көтерілісшілерге тиесілі химиялық қару сақталған қоймаларды бомбалағаннан таралды" деп санайды. Батыс елдері мұндай ұйғарымды жоққа шығарады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңеіндегі дауыс беру АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Мәскеуге сапарымен тұспа-тұс келді. Тиллерсон сапарында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Келіссөзден кейін Лавров Ресей АҚШ, Ұлыбритания және Францияның қарары жобасына вето қоятынын хабарлады. Ол БҰҰ қарарын "Дамаскіге қарсы айыпты заңдастыратын нәтижесіз әрекет" деп атады. Қарар жобасында Башар Асадтан химиялық қару шабуылын тергеуге болысуды талап етілген.