Accessibility links

Ақтөбеде тасқыннан жүздеген адам көшіріліп, төтенше жағдай жарияланды


Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде жүздеген тұрғын үйді көктемгі тасқын су басып, қалада төтенше жағдай жарияланды деп хабарлады Азаттыққа қала әкімінің баспасөз қызметі.

Елек өзенінің сағасында орналасқан кей елді мекендер мен саяжайлар су астында қалды. Әсіресе, Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2 елді мекендерінде күрделі жағдай қалыптасқан.

Кірпіштінің «Эко» деп аталатын бөлігінің тұрғындары жексенбіге қараған түні үйлерінен шұғыл кетуге мәжбүр болған. «Түнгі сағат үште көршім есігімді қағып, эвакуация басталғанын айтты. Құжаттарымызды қолымызға ұстап үйден шығып үлгердік» дейді Армангүл есімді тұрғын.

Ақтөбедегі су тасқыны туралы фотогалерея:

Серғазы Тоқашов есімді азаматтың сөзіне қарағанда, Келешек елді мекеніне тасқын су сәуірдің 14-іне қараған түні келген. Тоқашовтар мен көршілері Азаттық тілшісіне екі тәуліктен бері үйлеріне кіре алмай жүргендерін айтты.

Судың беті қайтпай, үй-жайына алаңдай бастаған Кірпішті ауылының тұрғындары резеңке қайықтармен суда қалған үйлерінен керек-жарақтарын тасып алып жатыр.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сәуірдің 16-сына қараған түні су басқан аумақтардан 743 адам қауіпсіз жерге көшірілген. 290 аула су астында қалған. Қауіпті аймақтан эвакуацияланған 196 адам қазір қаладағы орта білім беретін мектептердің базасында ұйымдастырылған 12 эвакуациялық пунктті паналап отыр. 419 тұрғын туыстарының үйлеріне кеткен.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті сәуірдің 16-сы күні SMS арқылы таратқан хабарламада тұрғындарға Қарғалы өзені де арнасынан шығып, тасуы ықтимал екендігін ескертті.

XS
SM
MD
LG