Accessibility links

Ақтөбеде тасқыннан жапа шеккендер үшін есепшот ашылды


Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету үшін арнайы есепшот ашылды. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен жиында қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева хабарлады. Оның сөзінше, есепшотты "Қолғанат Ақтөбе" қоғамдық қоры ашқан.

Оразбаеваның айтуына қарағанда, қаладағы бес мектептің базасында ашылған эвакуациялық пунктке қала тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер азық-түлік, киім-кешектер әкеліп жатыр, енді оларды реттеп, сұрыптайтын еріктілер керек. Жиында зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын қадағалайтын тұрақты комиссия құрылды.

Қала басшылығы "Қолғанат Ақтөбе" қорының сенімді ұйым екенін, жапа шеккен тұрғындарға көмек көрсетеміз дегендер көп болғандықтан олардың "алаяқтарға алданып қалмауы үшін" және ортақ бір есепшот болғанын қалайтынын білдірді. Ләззат Оразбаева қазір су басудан келген шығын көлемі есептеліп жатқанын айтады.

Ақтөбеде кеше Елек өзенінің тасуынан негізінен өзен жағалауындағы саяжай ұжымдарына қарасты жүздеген үйді су басып, қалада төтенше жағдай жарияланған. Ақтөбе облыстық төменше жағдайлар департаментінің ақпаратына қарағанда, төтенше оқиғадан 579 үй мен ауланы су басып, 5 үй құлаған, 1174 адам эвакуацияланып, 69 адам құтқарылған. Құтқарушылар Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2, Жилянка елді мекендеріндегі жағдайдың әлі де күрделі екенін айтады.

Бүгін аталған елді мекендердегі су деңгейі түсе бастаған, бірақ толық кетпеген.

Тасқын су басып, қараусыз қалған саяжайлар мен тұрғын үйлерді ұры-қарыдан қорғау үшін Ақтөбе полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Електі жағалай қонған 57 саяжай ұжымы тәулік бойы күзетіледі-деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі. Саяжайлар мен тасқын судан зардап шеккендер паналап отырған төрт пункт 248 полиция қызметкерінің бақылауында.

Полицияның мәліметінше, суға кеткен үйлерде ұрлық-қарлық дерегі тіркелмепті. Мұны облыстық прокуратура да растады. Ақтөбе облыстық прокуратурасы қазір қалыптасқан ахуалды мониторинг жасап, су тасқыны қарсаңында қолға алынған шаралардың тиімділігін тексеруге кіріскен.

Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қысқа мерзімді демалысын күні бұрын аяқтап, 18 сәуір күні қызметіне қайта кіріседі. Аты-жөнін атамауды өтінген дереккөздің хабарлауынша, әкімнің демалысқа шыққанына екі-ақ күн болған.

XS
SM
MD
LG