Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Келес өзеніне суға батып кеткен баланы іздестіріп жатыр деп хабарлады Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Департаменттің құтқару бөлімінің басшысы Павел Вишениннің айтуынша, 16-сәуір күні Сарыағаш ауданының Жамбыл ауылында тұратын үш жасар баланың Келес өзеніне батып кеткендігі жөнінде хабар түскен. Қазір суда іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
- 10-сәуір күні Отырар ауданындағы Арыс өзеніне батып кеткен 16 жастағы баланы да іздестіру шаралары әлі жалғасып жатыр. Екі жағдайда да іздеу жұмыстарын өзеннің қатты ағысы және лай су қиындатып отыр, - дейді ол.
Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері жеті адам суға батып кеткен, олардың алтауы - кәмелет жасқа толмаған балалар.