Accessibility links

Депутат Божко: Астана су тасқынынан "жақсы сақтандырылған"


Владимир Божко, парламент мәжілісінің депутаты.
Владимир Божко, парламент мәжілісінің депутаты.

Мәжіліс депутаты Владимир Божко бүгін парламент отырысының арасында Астанаға су басу қаупі төнбейтінін айтты. Кеше қазақстандық кейбір БАҚ Астанада су тасқыны болуы мүмкін, жақын маңдағы контр реттеуіштің бұзылу қаупі бар және су тасқыны "42-разъезд" теміржол станциясындағы жолды шайып, Астанаға кәдімгідей жақындағаны туралы хабарлаған.

- Ол жерде бәлкім, оң және сол жағалауды су басқан шығар, бірақ Астана жақсы қорғалған. Мен ондай өсек таратқан адамның мойнын үзер ем. Ішкі істер министрі мұндай сценарий болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Мен әлгіде сөйлестім, мәселе соншалықты күрделі емес. Бөгет қалыпты жұмыс істеп тұр, қазір қалаға қарай су жіберуді арттырды, бірақ жалпы жағдай тым күрделі, - деді Божко.

Бұрын төтенше жағдайлар министрлігін басқарған Владимир Божконың сөзінше, Астанаға жақын орналасқан бөгет сенімді. Ол қалаға жақын жолды судың шаюына 42-разъезд аумағында "қалыңдығы бір жарым метр қар түскені" және ол жерде Вячеславск су қоймасынан су жіберілгені себеп дейді.

Божко Азаттыққа ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстанда "қар көп түсетінін", сондықтан су тасу проблемалары күрделене беруі мүмкін екенін айтты.

- Кәсіпорындарды бұл айтылғандардың зардабын азайтатындай инженерлік қорғау, нығайту, жолдарды дұрыс жобалау шараларын жасау керек... Бұл жерде адам факторы емес, табиғи фактор бар, - деді Божко.

Билікшіл Қазақстан халықтық коммунистік партиясының төрағасы Владислав Косарев бүгін Қазақстан премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында су тасқынымен күрестің мемлекеттік бағдарламасын дайындауды ұсынды.

Қазақстанда биыл көктемде бірнеше облыста ондаған елді мекенді су басты. Ақтөбе облысында Елек өзенінің тасуынан өзен бойында орналасқан бірнеше елді мекенді су басып, бірнеше үй қирады. Солтүстік Қазақстан облысында бүгін су тасу қаупінен Есіл ауданының Николаевка ауылының тұрғындары эвакуацияланды. Қарағанды облысында бірнеше елді мекенде ондаған үйді су басты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG